БІЛІМІМ - ОТАНЫМА!
Жас түлектер қақты бүгін қанатын,
Сәулелік күн жүрекке от жағатын.
Кім ұмытар қоңыраудың сыңғырын,
Жүрегіңе мәңгі ұялап қалатын!
Бүгін бітіруші түлектер үшін қайталанбас , маңызды да мәнді , тебіреніске толы күн. Өмір күнделігіне өшпестей етіп жазылатын күн.Тарыдай болып кірген алтын ұядан бүгін таудай болып шығып барады.
«Жетісай ауданының мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты» КММ -сін биылғы жылы 71 оқушы аяқтап отыр. Оның ішінде 13 оқушы “Алтын белгі” , 13 оқушы “Үздік аттестатқа үміткер”.
Сонымен қатар түлектердің басым бөлігі халықаралық, республикалық, облыстық білім олимпиадалары мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары.
Тағы бір оқу жылы аяқталып, мектебін бітіріп, қияға қанат қағатын жас түлектер үшін ең қымбат, ең қимас, ең бір ұмытылмас жүрек тебірентер сәт, соңғы қоңырау үні сыңғырлады.
Айтулы іс-шараға құрметті қонақтарымыз:
1) Облыстық, аудандық бірнеше шақырылымдағы депутаты, облыстың құрметті азаматы, “Құрмет” орденінің иегері Ш.Қаныбеков;
2) Жетісай ауданының әкім аппаратының басшысы Е.Алданиязов;
3) Жетісай ауданының ардагері М.Тайпақ;
4) Жетісай ауданы әкімінің орынбасары С.Пірімбеков;
5)Жетісай қаласының әкімі Н.Бахтияров; 6)Жетісай ауданының мәслихат депутаты;«Аманат» партиясының төрағасы Ә.Асауов қатысып, жас түлектерге ақ тілектерін арнап, терең білім мен еңбектің берері туралы жас шәкірттерге ой салды. Сонымен қатар жас түлектерді қолдауға ата-аналары да қатысты.
Мемлекетіміздің әнұраны орындалып, көк Туы көкте желбіреп, оқушылардың бойына керемет рух сыйлады. Жас түлектер сөз маржанын тізбектеп, жүрек жарды жырларын айтса, енді бірі ән шырқап, би билеп, керемет көңіл күй сыйлай білді. Білім кілтін аманат етіп тапсырса, бірі аманат етіп қабылдап алды. Сонымен қатар, мектеп әкімшілігі тарапынан белсенді түлектер алғыс хаттармен марапатталды.
Түлектер 11 жыл бойы оқып білім алған ордаларын қимай қоштасқанымен, алда үлкен емтихандар күтіп тұр. Ол ,әрине ,ҰБТ емтихандары.Түлектердің жүрек лүпілін жиілетер ұлттық бірыңғай тестілеудің де уақыты алыс емес. Біз түлектеріміздің өмірдің барлық емтиханын жоғары дәрежеде тапсыруына тілектеспіз.
№ | Атауы | Жүктеу |
---|---|---|
1 | Соңғы қоңырау кеші 2025 | ![]() |
https://zhetysai-daryn.kz/kz/t-rbie-zh-mystary/327-bilimim-otanyma.html#sigFreeId3ec2ca3bc6