7 «Б» сынып оқушылары сынып жетекшісі А. Сұлтанмұрат және тәрбиешісі А. Дүйсенбаевамен бірге 12 сәуір – Ғарышкерлер мен ғылым күніне орай «Ғарыштан басталған сапар» атты тәрбиелік іс-шара өткізді.
Іс-шараның мақсаты – оқушыларға ғарыш әлемі туралы түсінік беру, ғылымға деген қызығушылығын арттыру және еліміздің ғарыш саласындағы жетістіктерін насихаттау.
Шараға құрметті қонақтар ретінде 2025–2026 оқу жылының республикалық олимпиада жеңімпаздары шақырылып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, оқушыларға мотивация берді.
Кеш барысында сөз сөйлегендер: директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н. Нұрмағанбетов
Директордың бейіндік жұмыс жөніндегі орынбасары М. Сұлтанова.
Құрметті ұстаздар, оқушылар және қадірлі қонақтар!
Сіздерді 12 сәуір – Ғарышкерлер мен ғылым күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – адамзаттың ғылым мен білімге деген ұмтылысының, жаңа биіктерді бағындыруға деген талпынысының айқын көрінісі.
Бүгінгі «Ғарыштан басталған сапар» атты іс-шара – жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығын арттырып, олардың арман-мақсаттарын айқындауға үлкен мүмкіндік береді деп сенемін. Ғарыш саласы – тек батылдық пен ерлік емес, сонымен қатар терең білім мен табандылықты талап ететін сала.
Бүгінгі шараға қатысып отырған республикалық олимпиада жеңімпаздары – сіздер үшін жарқын үлгі. Осындай жетістіктерге жету үшін әрқайсыңыз білімге ұмтылып, еңбектенуден жалықпауларыңыз керек.
Құрметті оқушылар! Болашақ сіздердің қолдарыңызда. Білімге деген құштарлықтарыңыз ешқашан сөнбесін, арман-мақсаттарыңыз асқақ болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық табыс және биік жетістіктер тілеймін! Рахмет!
Байқоңырдан басталған сапар
Айбике: Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі «Байқоңырдан басталған сапар» атты салтанатты кешімізге қош келдіңіздер! Ғарыш әлемі — адамзат баласын ежелден қызықтырып келе жатқан жұмбаққа толы кеңістік. Алғашқы жасанды серіктің ұшырылуы мен адамның ғарышқа сапары осы қасиетті Байқоңыр жерінен басталды. Ғарышкерлер — асқан батылдық пен терең білімді тоғыстырған заманауи қаһармандар. Олар жұлдыздарға жол аша отырып, ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Бүгін біз көк аспанды бағындырған ержүрек жандар мен ғаламның құпиялары туралы сыр шертеміз.
Айару: Сәлеметсіздер ме, қадірлі қонақтар! Қазақ даласы — ғарыштың басты айлағы, ал қазақ халқы — көк жүзін алғашқы болып бағындырған ұлттардың бірі. Біздің мақтанышымыз Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов сынды батырларымыз ғарышқа жол салды. Олардың ерлігі — өскелең ұрпақ үшін нағыз отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Қазақ ғарышкерлері халықаралық деңгейде еліміздің абыройын асқақтатып, көк байрағымызды ғарыш станцияларында желбіретті. Бүгінгі кеш осы тұлғалардың құрметіне және қазақ ғылымының жетістіктеріне арналады.
Айбике:Ендігі кезекте Қазақстанымыздың ғарышкерлері туралы қысқаша видеоролик тамашалайық.Айбике:Байқадыңба Айару біздің ғарышкерлеріміз ғарышқа ғана ұшпай медицина саласында жақсы меңгерген.
Қазақ мәдениеті мен өнері қай кезде де биік талғаммен ерекшеленген. Мың бұралған бишілеріміздің орындауындағы «Ақкербез» биі сахнаның сәнін келтіріп, көрерменге эстетикалық ләззат сыйлайды. Бұл би халқымыздың нәзіктігі мен сұлулығын паш етеді. Ортада — «Ақкербез» биі.
Айару: Ғарыш айлағы орналасқан Байқоңыр қаласы — әлемдік маңызы бар стратегиялық нысан. Ол Қызылорда облысында, Сырдария өзенінің бойында орналасқан. Байқоңырдан мыңдаған зымырандар ұшырылып, адамзаттың аспан әлемін игеруіне негіз қаланды. Бұл мекен — жер мен көктің түйіскен алтын діңгегі.
Айбике: Алғашқы ғарышкер Юрий Гагариннің «Кеттік!» деген сөзінен басталған дәуір әлі де жалғасып келеді. Қазіргі таңда ғарышты зерттеу тек саяхат емес, ауа райын болжау мен байланыс орнатудың басты құралы. Ғарыш технологиялары күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ғарышкерлердің еңбегі арқасында біз ғаламшарымызды сақтаудың маңыздылығын түсіндік.
Айару: Туған жердің топырағы мен ауасы әрқашан ыстық, тіпті көк аспанның биігінде жүргенде де адам туған елін аңсайды. Отанға деген шексіз махаббат пен сағыныш жүректен ән болып төгіледі.Сахнамызға Орынбасар Нұриманның орындауында «Жаса Қазақстан!» әнімен қарсы алыңыздар.
Айбике:
Айналады ел бір сенен,
Есіміңді білсе әлем.
Ғарышқа ұшқан қазақтың,
Тұңғышына мың сәлем.
Тоқтамайды осы аңыз,
Біз жолыңды тосамыз.
Тоқтар батыр ерлігін,
Күнде өлеңге қосамыз.
Батырларымыздың ізін басқан жас жеткіншектер бүгін өздерінің жүрекжарды жырларын арнайды. Оқушылар ғарышкер ағаларына еліктеп, болашаққа үлкен сеніммен қадам басып келеді. Ендігі кезекте мектеп оқушылары өздері дайындаған тақпақтарын ортаға салады.
Айару:
Құс қанаты самғайды биіктерге,
Ғарыш сырын адамзат сүйіп келді.
Фортепиано үнімен тербеледі,
Аспан мен құс әлемі үйлесімді.
Пианинода Шахан Айсезімнің орындауында Евгений дога вальс. Аспан әлемі мен еркін ұшқан құстардың бейнесін музыка тілімен жеткізу — үлкен өнер. Сахна төрінде Шахан Айсезім.
Айбике:
Бір шаңырақ астында біз туғанбыз,
Бірлік пенен достыққа біз құштармыз.
Бір үйдің баласындай тату-тәтті,
Еліміздің ертеңін біз құрамыз.
Халқымыздың ынтымағы мен бірлігі — басты байлығымыз. Достықты жырлайтын «Бір үйдің баласындай» әні татулықтың нышаны іспеттес. Бұл туынды бізді ортақ мақсаттарға бірігуге шақырады.
Айару: Ендігі кезекте білімімізді шыңдап, зейінімізді тексеретін сергіту сәтін бастаймыз. Сіздерге ғарыш туралы 7 сұрақ қойылады:
Тұңғыш қазақ ғарышкері кім?
Ғарышқа ең алғаш ұшқан жануардың есімі?
Күн жүйесінде неше ғаламшар бар?
Байқоңыр ғарыш айлағы қай облыста орналасқан?
Айға ең алғаш табаны тиген адам кім?
Ғарышкерлердің киімі қалай аталады?
Аспан денелерін зерттейтін құрал?
Айбике: Әлем халықтарының мәдениеті әр алуан, соның ішінде Үнді елінің билері өзіндік бояуымен ерекшеленеді. Ғарыш тақырыбы мен жердегі түрлі мәдениеттердің тоғысуы біздің кешімізге ерекше реңк береді. Үнді биінің ырғақты қимылдары мен әсем әуені көңіл-күйімізді көтереді. Бұл би арқылы біз әлем халықтарының достығын паш етеміз. Сахнада нәзік те сырлы Үнді биі.
Айару: Болашақ ғылым мен білімнің қолында.Тоқтар Әубәкіров,Талғат Мұсабаев,Айдын Айымбетов секілді ғарышкерлер ғарышты зерттесе,сахна төріне ДАРЫННЫҢ жас ғалымдарын шақырамыз.
1)Қалдыбек Ясмина-орыс тілінен.
2)Әмірбек Нұрғиса-орыс тілінен.
3)Нигматулла Ботагөз-Ағылшын пәнінен.
4)Берікбай Аян-орыс тілінен.
Айбике:
Жаратушы иеміз берген баққа,
Тәубе дейміз әр туған ақ таңда.
Шүкіршілік етейік амандыққа,
Тыныштық орнаған мынау жаққа.
Тұрсынхан Ерқанаттың орындауында «Тәубе» әні. Бұл ән адам баласын шүкіршілік етуге және барды бағалауға үндейді. Рухты да мағыналы туындыны тамашалаңыздар.
Айару: Шығармашылық — жанның айнасы. Біздің мектеп оқушыларының арасында сөзге шешен, қаламы жүйрік талантты жастар өте көп. Қазір ортаға өз жанынан өлең шығарып, жүрекжарды тілектерін жырмен жеткізетін бірнеше оқушымызды шақырамыз. Олардың туындыларында Отанға, ғарышқа және өмірге деген шексіз махаббат жатыр.
Айбике: Күй — қазақтың жаны, ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Домбыраның қос ішегінен төгілген күй ғарыштың шексіздігі мен даланың кеңдігін суреттейді. Құдіретті дыбыстар бізді тарих қойнауына жетелеп, рухымызды асқақтатады. Ортада Ажихан Еркежан мен Шахан Айсезімнің орындауында "Ер Тұран" күйі.
Айару: Кешіміздің соңын әдемі әнмен аяқтаймыз. Трио болып орындалатын бұл туынды достық пен бірліктің символы іспеттес. Үш дауыстың үйлесімі кешіміздің көркін қыздырып, баршаңызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Назарларыңызға керемет трио орындауын ұсынамыз!
https://zhetysai-daryn.kz/kz/t-rbie-zh-mystary/395-12-s-uir-aryshkerler-k-ni-men-ylym-k-nine-oraj-tken-is-shara.html#sigFreeId21cd9aced1






