Мектебімізде «Абай – Мұқағали» әдеби-лирикалық кафе тақырыбында тағылымды іс-шара өткізілді. Кештің басты мақсаты – оқушыларға қазақ поэзиясының қос алыбы Абай Құнанбайұлы мен Мұқағали Мақатаев шығармашылығын насихаттау, олардың өлеңдері арқылы жас ұрпақтың рухани дүниесін байыту, сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Әдеби-лирикалық кеш қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сатыбалдиева Перизаттың ұйымдастыруымен және тәлімгер, ДБЖЖО, тіл жанашыры Султанова Минара апайдың қолдауымен жоғары деңгейде өтті.
Кеш барысында оқушылар Абайдың қара сөздерінен үзінділер оқып, терең философиялық ойларына тоқталды. Сонымен қатар Мұқағали жырларынан поэзиялық композициялар қойылып, ақын өлеңдері мәнерлеп оқылды. Әдеби кафе форматы негізінде безендірілген залда оқушылар ақындардың өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректермен бөлісіп, көріністер қойды. Әсем әндер шырқалып, поэзия мен музыка үндестігі кештің көркін аша түсті.
Іс-шара соңында қонақтар мен ұйымдастырушылар оқушылардың өнеріне ризашылықтарын білдіріп, мұндай рухани кештердің тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.
Бұл әдеби-лирикалық кафе оқушыларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, сөз қадірін түсінуге, поэзия әлеміне терең бойлауға мүмкіндік берген мазмұнды әрі әсерлі кеш болды.
https://zhetysai-daryn.kz/kz/t-rbie-zh-mystary/382-abaj-m-a-ali-debi-lirikaly-kafe-ta-yrybynda-y-is-shara-turaly-m-limet.html#sigFreeId46c56f5ffc






