Бүгін “ Жетісай ауданының мамандандырылған “ Дарын” мектеп- интернаты” КММ-де аттестат тапсыру салтанатты жиыны болып өтті.
2023-2024 оқу жылында 9-сыныпты 54 оқушы, оның ішінде 24 оқушы үздік аттестатқа аяқтаса, 11-сыныпты 71 оқушы , оның ішінде 15 оқушы “Алтын белгіге”, 16 оқушы “Үздік аттестатқа” тәмамдады.
Салтанатты жиынға ауданның құрметті азаматы Асылбеков Талдыбай ағай, ардагер ұстаз Жұмабаев Мұғалбек ағай және ата-аналар, Жетісай аудандық полиция бөлімінің Тәрбие және кадр тобының аға инспекторы , полиция аға лейтенанты Өскенбай Жанарыс Болатұлы қатысты.
Салтанатты жиын ҚР гимнімен басталып, мектеп директоры Алиев Көбейбек Әмірбекұлы мектеп бітірушілерге құттықтау лебізін арнап, салтанатты жиынды ашық деп жариялады.
Түлектер салтанаты әсем әнмен, жыр маржандарымен өріліп, қонақтардың, ата-аналардың ақ тілек, ақ батасымен сабақтасып жатты.
Құрметті жас түлектер!
Мектеп қабырғасында сендер - өте жақсы оқып, ұғымтал, алуан түрлі білім бәйгесінің жеңімпаздары болған, киелі туған өлкеміздің, мектебіміздің, ата-аналардың жақсы атын республикаға танытқан, халықаралық жарыстарда да топ жара білген жеңімпаз шәкірт, мектеп мақтаныштары бола білдіңіздер, ұстаздардың үмітін ақтай білдіңіздер. Біз әрдайым осындай шәкірттерді мақтан тұтамыз!
Алда асқар-асқар асулар, сан қилы өмір белестері , жарқын болашақ күтуде. Мектепте алған білімдеріңді жоғары оқу орнында жалғап, мықты маман болыңыздар, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне зор үлес қосады деп сенеміз!
Ақ жол, сәт сапар сіздерге, ЖАС ТҮЛЕК!