Мектебім - айтар әнім,
Сан рет қайталадым.
Өзіңнен алғанымды
Өзіңе қайтарамын!
Бүгін мектебіміздің жас түлектері үшін соңғы қоңырау соғылды.
«Жетісай ауданының мамандандырылған «Дарын» мектеп - интернаты» КММ - де
«Мектебім, саған мың алғыс!” атты мерекелік іс - шарасы өткізілді.
Соңғы қоңырау жиынын мектеп директоры, білім беру ісінің үздігі Алиев Көбейбек Әмірбекұлы құттықтау сөзімен ашып, 2023 - 2024 оқу жылының қорытындысына шолу жасап, жас түлектерге сәтті сапар, ақ жол тіледі.
Биылғы жылы мектебімізді 71 оқушы аяқтап отыр. Оның ішінде 15 оқушы “Алтын белгі”, 16 оқушы “Үздік аттестатқа “ үміткер.
Сонымен қатар түлектердің басым бөлігі халықаралық, республикалық, облыстық білім олимпиадалары мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары.
Отанымыздың кең байтақ өңірлерінде күміс қоңыраудың сыңғыры естіліп, түлектерге сәт сапар тілеуде.
Тағы бір оқу жылы аяқталып, мектебін бітіріп, қияға қанат қағатын жас түлектер үшін ең қымбат, ең қимас, ең бір ұмытылмас жүрек тебірентер сәт, соңғы қоңырау үні сыңғырлады.
Мектеп - әр адамның құтты мекені, білім ұясы. Мектеп - білім айдынындағы үлкен кеме. Ұстаз - ағып жатқан өзен тәрізді. Адам болып қалыптасуымызда мектептің алар орны әркез де ерекше. Жас түлектер балалықпен қоштасып, үлкен өмірге алғашқы қадамдарын бастағалы тұр. Басқан қадамдарыңыз оң болсын!
Айтулы іс - шараға ауданымыздың құрметті азаматтары , білім беру ісінің ардагері Б.Қоқанбаев мырза, ардагер ұстаздар Д.Сатыбалдиев, Б.Сүлейменова, ардагер ұйымының төрағасы М.Жұмабаев, қоғам белсендісі, ел азаматы Ж.Молдадосов қонаққа келді. Сонымен қатар жас түлектерді қолдауға ата - аналары да қатысты. Мемлекетіміздің әнұраны орындалып, көк Туы көкте желбіреп, оқушылардың бойына керемет рух сыйлады. Жас түлектер - сөз маржанын тізбектеп, жүрек жарды жырларын айтса, енді бірі ән шырқап, би билеп, керемет көңіл күй сыйлай білді. Білім кілтін аманат етіп тапсырса, бірі аманат етіп қабылдап алды. Әрине, қанша ауыр болса да, оқушылар үшін «Сыңғырла, соңғы қоңырау» деп, қоңырау үні соғылды.
Құрметті жас түлектер, алда сіздерге үлкен сын тұр. Сыннан сүрінбей абыройларыңыз асқақ болып, мектебіміздің даңқын шарықтатып, үкілеген ата - ана үмітін ақтаңыздар.
https://zhetysai-daryn.kz/kz/t-rbie-zh-mystary/252-mektebim-sa-an-my-al-ys.html#sigFreeId9c089ed9fa